Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 2018 жылдың 26 қазаны Тараз қаласында, К.Сарымолдаев атындағы балалар үйінде «Жүректен — жүрекке!» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Акцияның мақсаты Ата-ана қамқорлығынан айрылған тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету. Балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу.
Адам баласының жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік, мейірімділік. Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей кемтар, жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы.
Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныту үлкен сауапты іс. Осы мақсатта ата-ана қамқорлығынан айрылған тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсету мақсатында «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық акциясы өткізіліп отыр. Шара барысында К.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиешілеріне арналған концерттік бағдарлама қойылып, балалардың көңіл-күйін көтеруге арналған дамытушылық ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, акция соңында балаларға арналып ас дайындалып, дастархан жайылады.
Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері, облыстың белсенді жастары, волонтерлер, жоғары және арнаулы орта оқу орны студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.