Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл саясаты басқармасының басшысы Амангелді Қожабек, саясаткер Дос Көшім мен Расул Жұмалының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» атты республикалық семинары туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинарын ү.ж. 10-11 қазанда – Талас ауданы Қаратау қаласында және Т. Рысқұлов ауданында, 12 қазан күні –Тараз қаласында өткізеді.
Шараның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, рухани мәдениетімізді көтеру, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру және т.б. мәселелер бойынша сөз қозғау, пікір алмасу.
Жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, саясаткер Расул Жұмалы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова, жергілікті БАҚ өкілдері қатысады.