Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 6 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұстазға тағзым!» атты мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, облыстың мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Мерекелік кеш барысында облыстың үздік мұғалімдері облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, Республикалық «Үздік педагог-2018» конкурсының жеңімпазы атанған облыстың 4 педагогына құрмет көрсетілді.
Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтарды анықтау мақсатында облыс әкімінің бастамасымен «Үздік педагог» сыйақысын беру облыстық конкурсы өтіп, жеңімпаздары анықталды. Салтанатты шара барысында Білім саласы қызметкерлерінің облыстық комитеті төрағасы Ерулан Мағзымбеков және облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аталған байқауда жеңіпаз атанған 5 ұстазды Құрмет грамоталарымен марапаттап, сыйақыларын табыстады.
Өзгенің бақытын аялай, өзінің уақытын аямай еңбек еткен батыл мамандық иелеріне арналған мерекелік шараны шәкірттердің шынайы жүректен шыққан әндері әуелете түсті.