Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жамалбек Әсембаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жамалбек Айманұлы жер реформасын жүргізуге байланысты жер заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Өздеріңізге белгілі, күні кеше Елбасы Қазақстан халқына арнаған жолдауында жер қатынастары саласына тоқталып, онда «жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керектігіне» баса назар аударды. Жерді ұтымды пайдалану мәселесі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор екендігіне Елбасы әрдайым ерекше көңіл бөліп, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп келеді. Осы тапсырмалар аясында Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға жерді ұтымды пайдалануға бағытталған мемлекеттік көмектер мен қолдаулар жыл сайын субсидия және жеңілдетілген несие бөлу арқылы жүргізіліп келеді.
Ағымдағы жылдың 4 мамырында ҚР Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Ондағы негізгі мақсат жер реформасын қарқынды жүргізу.
Заңнамаға енгізілген өзгерістердің бақылау функциясына қатысты бөлігі – ол, ауылдық округтері әкімдері мен облыс орталығы және аудан әкімдіктеріне бақылау функциясының енгізілуі. Яғни, ҚР Президентінің 2014 жылғы 24 тамыздағы №898 Жарлығы негізінде әр деңгейдегі мемлекеттік органдар арасындағы құзыреттерді қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жалғастырылды.
Енгізілген өзгерістерге байланысты Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы облыс аудандарында жаңа заң нормаларын түсіндіру жұмыстарын бақылау құзыретін атқару туралы кеңестер өткізу арқылы жүргізді және жаңа бақылау функцияларын атқару мәселесі жан-жақты талқыланды.
Алдағы уақытта Басқарма өз құзыреті шегінде аудан әкімдіктері мен ауыл әкімдеріне тиісті әдістемелік көмек көрсету шараларын атқаратын болады. Бұдан бөлек жаңа заң нормаларымен Басқарма құзырына аудан әкімдіктері мен ауыл әкімдерінің жерді рәсімдеуге байланысты қабылдаған шешімдерінің заңдылығына бақылау жүргізу заңдастырылып отыр.
Жер реформасын жүргізу өте күрделі мәселе. Осы орайда жер мәселесінде шешімін таппай отырған бірқатар проблемалар бар.
Атап айтсақ, жерді рәсімдеуде заңбұзушылық фактілерінің орын алуы, жерді пайдаланбау немесе ұтымсыз пайдалану, құқық тапсырылған жерлерде орын алған бұзушылықтарды жою мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Осы проблемаларды шешу мақсатында жер заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіліп отыр. Заңнамалық өзгерістердегі негізгі мақсат жер заңнамасын қазіргі заман талабына сәйкестендіру.
Яғни, жерді рәсімдеудің ашықтығын қамтамасыз ету, жерді рәсімдеуші әкімдіктер өз аумақтарында құқық тапсырған жерлерде бақылау жүргізіп, заңбұзушылықтарды дер кезінде жою маңызды мәселе болып отыр. Жалпы заң нормалары қолданысқа икемді, күнделікті тәжірибеге бейімделген, тұтынушыға қолайлы болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда заң қолданысқа жарамсыздық себебінен дұрыс қолданылмай, қарама-қайшылықтар туындап, қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді, — деп сөзін түйіндеді Ж.Әсембаев.