Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет үйіндегі баспасөз орталығында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын екенін айтты.
Еске сала кетсек, 19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапты. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болды.
Денис Теннің қазасына күдікті ретінде 23 жастағы Арман Құдайбергенов пен 1994 жылы туған Нұралы Қиясов ұсталды. Бұған қоса, тағы бір күдіктіге қылмысты жасырды деген айып тағылды.
Дереккөз baq.kz