Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойға дайындығы қалай?

Биыл Жамбыл облысы аумағындағы Меркі, Талас, Сарысу, Тұрар Рысқұлов аудандары өздерінің тарихи мерейтойларын атап өтеді. Олардың қатарында даңқты батырларымен, қаламы қарымды жазушыларымен аты әйгіленген Жуалы ауданы да бар. Аталмыш мерейтойға аудан жұртшылығының дайындығы жоғары деңгейде. Мерейтой 29-қыркүйекте өтеді.
Бұл күні 90 жылдық торқалы тойдың құрметіне ауданның кіре берісіндегі күре жол маңында «Мәңгілік ел» саябағының ашылуы өтеді деп жоспарланған. Бағдарлама бойынша өлкенің есімін күллі қазақ даласына әйгілеген даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қойылып, баба рухына тағзым етіледі.
Сонымен қатар, ауданға еңбегі сіңген азаматтар «Жуалы ауданының 90 жылдығы» төсбелгісіміен марапатталады. Аудан өнерпаздары қалың жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынып, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. 90 жылдық торқалы той кешкі уақытта естен кетпес отшашумен қорытындыланбақ.
Жуалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков мерейтойға дайындықтың соңғы жұмыстары пысықталып жатқанын айтты.
— Жуалы ауданы облыс бойынша қашаннан ерекше табиғаты, тарихи тұлғалары арқылы ерекшеленіп келеді. Экономикалық ахуалы да күн өткен сайын жақсаруда. Осындай жетістіктердің арқасында биыл 90 жылдық торқалы тойымызды атап өтпекшіміз. Дайындық қызу. Мерейтой қарсаңында ауданға ат басын бұратын қонақтарға естен кетпес көңіл күй сыйлап, өлкеміздің мәртебесін көтеруге бар күш жігерімізді жұмсап жатырмыз, — дейді Марат Аманғалиұлы.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X