Көгершіндік 94 жастағы Әуес әжейдің тілегі осындай
Көгершін ауылының тұрғыны Қартабаева Әуес әже биыл 94 жасқа толды. Тіл көзіміз тасқа тисін, тоқсанның төртеуін жасаған апамыздың жүріс-тұрысы әлі де болса тың. Таяуда апамның хал-жағдайын сұрап үйіне бардым. «Жасы егде кісінің ұйқысын бұзбасам жарар еді» деп таң алагеуімнен барғаныма іштей ыңғайсызданғаным рас. Алайда, Әуес әжей ол уақытта ұйқыдан тұрып, таңғы шәйін ішіп отыр екен. Көңілім марқайып қалды. Содан екеуміз бір сағатқа жуық әңгімелестік. 94 жастағы қарт кейуананың бар болғаны 67,0 мың теңге зейнетақы алатыны мені қатты таңғалдырды.
-Шырағым, айналайын, өзім 1925 жылдың қаңтар айында дүниеге келгенмін. Балалық шағымыз сендердікіндей өткен жоқ. Ашаршылық, қуғын-сүргін, алапат соғысты бастан өткердік. Жас кезімізде соқамен жерде жырттық, тракторда айдадық, қызылшада ектік. Не көрмедік десеңші, қарағым. Осы еңбегім толығымен ақталды дей алмаймын. Дегенменен «Жұтаған шүкірге тоймайды» деген дана қазақтың сөзі бар. Құдайға шүкір, қазіргі таңда еліміз тыныш, жұртымыз аман. Алла Тағалам осы бейбітшілігімізден айырмасын, -дейді көгершіндік қарт кейуана.
Әуес апаның жұбайы Әлімбек ақсақал 62 жасында өмірден өтіпті. Екеуара әңгіме барысында әжей атамыздың аруағын сыйлап, ол кісі жайлы тебіреніске толы әңгіме айтты. «Атаң сондай керемет жан еді. Еңбекқор кісі болатын. Ұрысып қалған кезіміз жоқ. 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірдік. Барлығы оқыды. Үлкен қызымыз Шынар мұғалім болды. Қазір зейнетте. Екінші қызымыз Несіпкүл бухгалтерлікті тәмамдаған. 36 немерем, 24 шөберем бар. Өзім Қайратымның қара шаңырағында тұрамын. Қайраттың ат спортынан «Спорт шеберлігіне кандидат» деген атағы бар. Мынау шәй құйып отырған ұлымның зайыбы Гүлжан болады. Ауылдағы балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Нұржан есімді немерем өнеркәсіпті дамыту саласының хас білгірі. Көбінесе, шет елдерде жүреді» деп ағынан жарылды Әуес апа.
Айтпақшы, Қайрат Әлімбекұлы «Нәтижелі жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» атты мемлекеттік бағдарламсымен 1500,0 мың теңге несие алып, тірлігін жандандырып отыр. Әу бастан жылқы малына жаны құштар Қайрат ағаның негізгі кәсібі де осы жануармен тығыз байланысты. Қысқасы, төрт-түліктің қыр-сырын жақсы меңгерген абзал аға қол қусырып қарап отырған жоқ. Осының барлығы бала-шағаның қамы» дейді Қайрат ағаның өзі.
Аятберген атамның адамгершілігін сөз еткен Әуес апа жолға қамданар сәтте қолын жайып, маған өзінің ақ батасын берді. Апамның рухты батасы маған ерекше шабыт сыйлады.
Марат АЯТБЕРГЕН.