Қоғамдық Кеңестің төралқа отырысынан
Жаңа оқу жылы қарсанында аудандық қоғамдық Кеңестің төралқа мәжілісінен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорларының тарапына айтылған сыни пікірлердің жай-жапсарын сөз етіп, газет бетіне жазған болатынбыз. Бұл тақырыпқа қайтадан қайырылуды жөн санаған қоғамдық Кеңестің төралқа мүшелері апта басында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровпен мектеп директорларының басын қосып тағы да жиын өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен келелі отырысты аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев ашып, жүргізіп отырды.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген өнегелі сөзін тілге тиек еткен Шорабек Атабаев өткен жолғы мәжілістен кейін жаңа оқу маусымына дайындық жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілгенін айтты. Яғни, «Мен сол отырыстан соң Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне бас сұқтым. Әктеу және сырлау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Нәтиже жоқ емес. Еңбек бар. Осы орайда, мектеп басшысының еңбекқорлығы мен іскерлігін бағалау орынды деп санаймын» деді қоғамдық Кеңестің төрағасы. Жасыратыны жоқ, өткен басқосуда Кызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектептің директоры Әнуарбек Тұрманбетов пен Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінің директоры Ақбота Стыбаева ғана мақтауға лайық болған еді. Төралқа жиыны басталмас бұрын «Бұл жолы қайтер екен? деген күмәніміздің болғаны рас. Алайда, зерделеу ісін қайта шолып шыққан арнайы топтың жетекшілері Есенкүл Мұхтарова мен Ертіс Тұғылшиевтің сөйлеген сөздерінен кейін ол ойымыз толығымен өзгеріп сала берді. Алғашқы жиында сын садағына іліккен мектеп директорлары айтылған кемшіліктердің барлығын тұтастай реттеген екен. Дегенмен, кезінде атағы алысқа тараған №2 орта мектептің (қазір Әлихан Бөкейханов есімімен аталады) хал-ахуалына қоғамдық Кеңестің төралқа мүшелері қатты алаңдаулы. Ауданның Құрметті азаматы Түзел Алагөзованың айтуынша, мектеп директорының 7 бірдей орынбасары бар көрінеді. Осы және бұдан өзге мәселелердің мәнісін тарқатқан байырғы ұстаз аталмыш мектептің абырой-беделі бұрынғы қалыпқа түскенін қалайтынын жасырмады. Кеңес отырысында мектеп оқушыларының тәртібі де сөз болды. Осылайша, екі сағаттан астам уақытқа созылған қоғамдық Кеңестің төралқа мәжілісінің негізгі түйінін қорытындылаған Шорабек Атабаев білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров пен мектеп директорларына бірқатар ұсынысын айтты.
Марат ДИХАНБАЙ.