Облыста шағын несие беру мекемесі құрылады

Облыста шағын несие беру мекемесі құрылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Мекеменің негізгі мақсаты мен жұмыс істеу жүйесі туралы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ АҚ – ның басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев баяндады.
Қазіргі таңда өңірде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кезекте 3700 адам тұр десек, олардың көбі өз ісің бастауға ынталы. Ал Атамекен кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 100 мың жас арнайы курстарда оқуда. Олардың тең жартысы шағын несие алуға дайын. Аталған орталық осындай ынталы азаматтарды тиімді шарттарға негізделген шағын несиемен қамтитын болады.
Айта кету керек, бұл тікелей облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасынан туындап отырған жоба. Өңір басшысы бұл арқылы өз кәсібін ашуға ынталы талапты жандарды қолдай отырып, облыс экономикасын арттыруды мақсат етуде. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерді игі жобаға атсалысуға тарту көзделуде. Олар барлығы 51 миллион теңге құйуы керек. Екінші кезекте акционер аталатын Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы 49 миллион теңге қаржы салады. Осылайша 100 миллион теңге жиналғанда, мекеме жалпы 1 миллиард теңге көлемінде шағын несиелер бере алады. Бұл көрсеткішті үш жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазір мекемені тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, мекеме тіркелгеннен кейін арнайы бір ғимаратқа ыңғайластырылып, оншақты штаттық деңгейде құрылып, мамандар өз жұмыстарымен жүйелі түрде айналыспақ. Құжаттық жұмыстар толығымен аяқталғаннан соң, ұсыныс бойынша несиелендіру жұмыстары келер жылдан бастау алады. Шағын несиені әр адам 19 миллион 240 мың теңгеге дейін ала алады. Талаптар мен шарттар ұлттық банктің бекіткен ережесіне сай іске асырылады. Несие шарттары тек қаржылай ғана емес, лизингке техника алуға да мүмкіндік береді.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өз еріктерімен бастамаға қолдау танытып, қаржы аударуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ақпарат Біржан Сартбек аккаунтынан алынды


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X