Алтай Республикасында болған жол апатынан зардап шеккен қазақстандық 69 жастағы әйел ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Жол-көлік оқиғасы жайлы естіген соң Омбыдағы консулдарымыз жергілікті билік өкілдерімен байланысқа шықты. Әйел бас жарақатын алған, жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайын біздің консулдықтың өкілдері бақылап отыр», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, ҚР СІМ аталған әйелдің туыс-туғандарына іздеу салып жатқандығы туралы да хабарлады.
Естеріңізде болса, бұған дейін де Алтай республикасында Моңғолия азаматтары отырған шағына втобустың қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алғандығын жазғанбыз. Жұмаға қараған түні Онгудай ауданында Шүй тасжолы жолының 659 шақырымында SsangYong Istana шағын автобусы аударылып қалған. Жол апатынан кейін шағын автобустағы 14 жолаушы аурухана жеткізіліп, оның 12-сі емдеу мекемесіне жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай, соның салдарынан көлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Тежегіш жүйесінің ақауы жол-көлік оқиғасына себепші болып отыр.
Ресейлік дәрігерлер жол апатына ұшыраған азаматтардың жағдайы туралы мәлімдеген болатын.