18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға жаңа жәрдемақы туралы.
Елімізде 2018 жылы 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға жаңа жәрдемақы енгізілді.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі өтініш жасаған күннен бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен тағайындалады және төленеді.
Өтініш берген күн жүгіну күні болып есептеледі.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша ұсынылатын өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
өтініш беруші үшін:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат ̶ сәйкестендіру үшін;
2) болуына қарай – бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат;
3) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы;
бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адам үшін:
1) жеке басты куәландыратын құжат — сәйкестендіру үшін.
Оралман мәртебесі бар адамдар бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындауға жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейінгі оралман куәлігінің көшірмесін ұсынады;
2) жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат − сәйкестендіру үшін;
3) психикалық денсаулық орталығында және наркодиспансерінде есепте тұру фактісінің болмауы туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде тексеріледі;
4) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау үшін айқындалған адамның әрекетке қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басты куәландыратын құжат бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесінде тексеріледі.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі оған күтімді жүзеге асыратын адамды ауыстыру туралы өтінішпен күнтізбелік жыл ішінде екі реттен асырмай жүгінуге құқылы.
Отбасында екі және одан көп бала кезінен бірінші топтағы мүгедек тұрып жатқан жағдайда, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақыолардың әрқайсысына тағайындалады және төленеді.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді бірнеше адам жүзеге асырған жағдайда, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы мүгедектіктің немесе оның заңды өкілі қалауы бойыншаосы адамдардың біреуіне тағайындалады және төленеді.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыру:
1) күтімді жүзеге асыратын адам мен бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің бір елді мекенде бірге тұруын;
2) жеке гигиенаны сақтауда, киіну, тамақ ішу, физиологиялық қажеттерін орындау, тұратын жерінен межелі пунктке дейін және қайтар жолда алып жүру және басқалар кезінде күтімді жүзеге асыратын адамның бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке көмегін көздейді.
Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы:
1) кәмелетке толмаған;
2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
3) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұратын адамдарға тағайындалмайды.
Жәрдемақының мөлшері ағымдағы жылы ең төмен күнкөріс деңгейінен 1,05 немесе 29 699 теңгені құрайды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы туралы.
Зейнетақы заңдылығында маңызды өзгерістердің бірі – 2018 жылғы 1 шілдесінен бастап азаматтардың тек жалпы белгіленген зейнетақы жасына толған кезінде (ерлер – 63 жаста және әйелдер – 58,6/63 жасында) зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтіліне қарай мемлекеттік базалық зейнетақының тағайындау тәртібі енгізілді.
Осыған орай, 2018 жылғы 1 шілдесінен бастап барлық базалық зейнетақы алушыларға базалық зейнетақының мөлшерлері зейнетақы іс құжаттарындағы еңбек өтілі туралы мәліметтер және міндетті зейнетақы жарналарды аудару туралы орталықтандырылған деректер базасындағы бар мәліметтер негізінде қайта қаралған.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге жинақталған еңбек өтілі;
2) міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең;
3) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақыты;
4) 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыты.
1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге жинақталған еңбек өтілі қосымша құжаттарды талап етусіз алушының зейнетақы ісіндегі құжаттар бойынша есепке алынады және жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған еңбек өтіліне сәйкес келеді.
Міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтер бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары түскен айлардың жалпы саны ретінде есепке алынады.
Егер жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын бір айда бірнеше рет аудару жүзеге асырылса, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі бір айды құрайды.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындаған күнге есепке алынады.
Еңбек өтілі 10 жылға дейін немесе одан төмен болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, еңбек өтілі 10 жылдан астам әрбір жыл үшін 2% қосымша есептелгені қарастырылған. Егер зейнетақы алушының еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен 100%, немесе 28 284 теңге құрайды.
Жамбыл облысы бойынша базалық зейнетақы төлемінің қайта қарауы 118000 астам алушыларға жүргізілген. Облыс бойынша базалық зейнетақының орташа мөлшері 24665 теңгені құрады.