Берік туралы қалам тарту әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны – оны көптен бері білемін. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгелі бері бір салада еңбек етпесек те, қатар жүріп қызметтес болып келеміз. Жиі бас қосып сырласамыз, пікір алысамыз, ой бөлісеміз. Сондықтан да, оның жан дүниесі маған жақын. Ал, қиын болатыны – осынау кісілікті кие тұтқан парасатты азаматтың қайсыбір асыл қасиеттерін, жақсы мінездерін өнеге етерімді білмей қиналамын. Әйтсе де, оқырман өзі ғибрат алар деген ниетпен Пайғамбар жасына келіп отырған атпал азаматтың өткен өмір жолына шолу жасаған жөн.
Берікті аудандық статистика басармасында бастықтың орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезі – тұғын. Ауданға сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жоспарлау комитетінен комитет төрағасының орынбасары бастаған бір топ лауазымды тұлғалар келе қалғаны бар емес пе. Аудандағы экономиканың жай – күйімен танысқан лауазым иелері кешкісін Беріктің үйіне дастарханға келеді. Құлан төбеден үйір-үйір жылқысын айдап түкен Сәтей (Саттар) ақсақал да аулаға кіре берген болатын. Амандық -саулықтан соң Алматыдан келген төрағаның орынбасары Беріктің әкесі екенін пайымдап:
– Қария, балаңыз сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі жігіт екен. Осындай ұл тәрбиелеп өсірген сізге рахмет!
Әрқашан орақ тілімен осып түсетін Сәтей ақсақал да.
– Ол кімнің арқасы, -деп алты өрімді қамшысын баласына қарай үйіріп, ауаны осқылап өткен болатын.
Ал Берік болса, жібектей мінезімен жай ғана жымиып күлген де қойған. Осы штрихтар ойымда қалып қойыпты. Қазіргі жастарға бұлай дей алмайсың ғой. Әлде, сол кездегі тәрбие тәсілі осындай ма еді. Мүндайды бәріміз де басымыздан өткердік.
«Би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген тәмсілге толы ғибратты сөз бар, дана халқымызда. Ата-бабаларынан қазаны ошақтан, самаурыны оттан түспеген Әліпбаевтар әулетінің берекелі дастарханы әлі күнге жиылмай келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жүрегі дархан, пейілі кең халқымыздың қонақжайлық қасиетін берік ұстанған Берік ұлттық кодымызды жоғалтпай, жаңғырта түсуге барын салып жүр. Бұл үлкен өнеге, жастарға ғибрат болар асыл қасиет дер едік.
Ұлы Жібек жолының бойындағы қасиетті топыраққа кіндік қаны тамған Берік Саттарұлы барлық ғибратты ғұмырын ел экономикасын өркендетуге, иманды ұрпақ өсіруге, айналасындағыларға жүрек жылуын төгуге арнап келеді. 1975 жылы Жамбыл зоотехникалық – малдәрігерлік техникумының бухгалтерлік бөлімін тәмамдаған жас маман аудандық статистика басқармасына экономист болып қабылданады. Өз ісіне мығым, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп бітіретін тындырымды жан жібектей мінезімен үлкен ұжымның ілтипаты мен құрметіне бөленеді. Әрбір істі алыстан пайымдай білетін білікті маман 1993 жылы Қарақыстақ агробірлестігінің төрағасы болып сайланады. Бұл кез қиын -қыстауға толы егемендіктің елең алаң тұсы болатын. Өзара қабысып кеткен барлық экономикалық байланыстар үзіліп, шаруашылық жүргізудің нарықтық жүйесі өмірге ене бастаған. Кім ілкімді, кім сылбыр екендігі сынға түскен нағыз қысылтаяң кезең еді. Міне, осы кезде жас басшының нағыз ұйымдастырушылық қабілеті байқалды. Төрт бөлімшеден тұратын үлкен агробірлестіктің шаруасын шайқалтпай ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайының жақсаруына жаның сала кірісті. Оның бұл жанкештілігін сезінген ауыл тұрғындары жас басшыны ыстық ілтипатына бөледі, алғыстарымен аймалап, ақ баталарымен мәпеледі.
«Жауынмен жер көгереді, алғыспен ер көгереді» демекші, нарық талаптарын жақсы білетін білікті маманды аудан басшылары 1995 жылы аудандық қаржы бөліміне бастық етіп тағайындайды. Міне, содан бері, ширек ғасырдан астам уақыт табан аудармай осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Төл теңгемізді енгізген кездегі Беріктің біліктілігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Соның куәсындай болып өңірінде орден -медальдар жарқырайды.
Жарық дүниеге келген адам баласының бұл фәнидегі асыл парыздарының бірі ұрпақ өсіру десек, Берік Саттарұлы жан жары Райханмен бірге ұл-қыздарының иманды да парасатты болып қалыптасуына ерекше назар аударатынын байқаймыз. Кісілік, кішілік, үлкенді сыйлау, өзгені қадірлеу, қиналғанға көмек қолын созу, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау, қонақжайлық, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерінің барлығы да ұл-қыздарының бойына ата-әжеден, ата-анадан дарып келеді десек, әсте қателеспейміз.
Үлкен ұлы Өсер Елордасы Астанада Министрлікте лауазымды мемлекеттік қызметте болса, қызы Гүлбахрам табиғат заңымен өзге әулеттің отын жағып, түтінін түтетіп отырған ардақты ана, білікті кәсіпкер. Кіші ұлы Ертуған Әліпбаевтар әулетінен қалған төрт түліктің басын қосып, еселеп өсіріп, ата кәсібімізді жалғастырып келе жатқан шаруа қожалығының жетекшісі. Шәмшәкүлдей үлкен апаларынан, Райхандай асыл енелерінен кісіліктің киесін бойына дарытқан Жұлдыз бен Жайна келіндері ұрпақ өсіріп, өрістерін кеңейтіп отырған асыл аналар, өнегелі келіндер. Ал тұлымшағы желбіреп, желкілдеп өсіп келе жатқан немерелері мен тұңғыш шөбересі Беріктің шаңырағының базары мен ажары.
Тұрсынхан Жаманбаев,
журналист