Өрнек Күлекеев 1984 жылы Өрнек ауылында дүниеге келген. Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебін үздік бағамен бітірген ақынның ең алғашқы өлеңдері аудандық «Құлан таңы» газетінде жарық көрген. Студент кезінде облыстық, республикалық жыр-мүшайраларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген Өрнектің ең үлкен жетістігі – 2007 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалі десек болады. «Шабыт» фестивалінде ақын Жұматай Жақыпбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған. Өрнек Күлекеевтің «Жазылмаған жыр», «Шеше», «Соңғы гүл», «Сағыныш хаттары», «Ауғандық аруақтың сәлемі» және «Мерей» сынды өлеңдері зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға ие болған. Өрнек Күлекеев кім? дегенде біз ең алдымен оның ақындығын сөз етеміз әрине. Негізінен, Өрнек ақын әке жолын қуып, ұлағатты ұстаздыққа бет бұрған жан. Осы салада жүріп, өнімді еңбек етті. Өзі жас болса да, соңынан ерген інілеріне дем беріп жүрді. Қыршын кетті ғой. Әйтпесе, жазары мол талантты ақынның бірі еді.
Атақты Акутагава Рюнесконың бар-жоғы бес беттік «Мұрын» деген әңгімесін оқыған жапонның сол замандағы бір білгірі: «Бұл бала енді ешнәрсе жазбаса да, жапон әдебиетінің тарихында қалады»,- деген екен. Өрнек Ерғалиұлының «Жазылмаған жырын» оқыған сайын мен осы мысалды еске түсіремін. Жасыратыны жоқ, Өрнек Ерғалиұлын көпшілік қауым жіті тани бермеуі мүмкін. Алайда, әдеби ортада ол әлдеқашан мойындалған ақын. Оны елімізге белгілі жыр дүлділі Маралтай Райымбекұлының жерлес ақынымыздың «Мерей» атты жыр-жинағына жазған алғы сөзінен аңғаруға болады. Онда ақын Маралтай: «Адамзат өркениетінің үшінші мыңжылдығы қазақ әдебиетіне құйрық-жалы күлтеленген бір шоғыр дарынды жастарды ілестіре келгені көзі қарақты оқырмандарға жақсы мәлім.Бұл буын өздеріне дейінгі сан ғасырлық ұлт әдебиетінің құндылықтарын зерттеп, зерделеп уақыт өткелінен аман-сау алып өтуге міндетті еді. Өліара шақта сапарға шыққан жастардың негізгі мақсаты – мемлекетіміздің тәуелсіз әдебиетін жаңа сапаға көтеру, бөлекше ойлау және ілкідегі көзқарастарды уақыт ағымына лайықтау болып табылады. Әдебиет – бүгінгідей қоғамның қолжаулығына айналған кезеңде кермеден шыға бере қазаға ұшыраған, небары 23 жасында бақиға аттанған Өрнек Ерғалиұлы Күлекеев те осы шоғырдың өкілі болатын» деп жазыпты. «Мерей» атты кітапқа ақынның 48 өлеңі топтастырылған. Өрнектің әр өлеңі бір-біріне ұқсамайды. Өйткені, ол — тума талант. Сақа суреткер.
Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде Өрнек Ерғалиұлы Күлекеевті еске алуға арналған «Кермені қиған құлын жыр» атты әдеби кеш болып өтті. Бұл кешті ұйымдастыруда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері мен аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының үлкен еңбегі барын атап өткеніміз жөн. Ақынды еске алу кешіне Өрнектің қаламдас достары «Білім және мәдениет» журналының бас редакторы, ақын Азамат Есалы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман және ақын, облыстық «Ақ жол» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі Табиғат Абаилдаев қатысты. Кеш шымылдығын аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков сөз сөйлеп, ашып берді. Одан кейін, ақындарға сөз беріліп, Азамат Есалы Өрнек досының тума таланты мен ақындық шеберлігін сөз етсе, Хамит Есаман оның зерделігі жайлы өрелі пікірлер айтты. Ал, ақын Табиғат Өрнектің өлеңдеріндегі өзге ақында жоқ шымыр ұйқастардың шынайылығына тоқталып өтті. Бұдан кейін, сахна төріне Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінің оқушылары шығып, ақынның «Шеше», «Соңғы гүл», «Сағыныш хаттары», «Ауғандық аруақтың сәлемі» және «Мерей» атты отты жырларын оқыды. Әсіресе, дәл осы білім ошағының оқушысы Дамир Сейсенбекке кешке қатысқан оқырмандар тәнті болды. Ол Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Гүлнәр Даукенованың «Күрең күз» әнін орындап, кешке қатысқан оқырмандардың жүрегін елжіретті. Осы сәтте Өрнектің аяулы қызы Мерей де сахнаға көтеріліп, әкесінің өзіне арнаған жырын жатқа оқып берді. Кеш соңында ақынның туған бауырлары сөз сөйлеп, кешті ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізді.
Жазылмаған жыр
«Бүр жармаған бір гүл бар сонау гүлзар көктемде,
Қауызына қан құйған сонау жылғы өпек жел.
Сонау түпсіз дүниеде жазылмаған бір жыр бар,
Жазылмаған сол жырды жазбай кеткен қыршын бар.
Жастай кеткен Қайраттың жазбай кеткен жыры ол,
Жаздырмады ұлы өлім, ол өлімнің сыры мол.
Сол өлеңді жазсам деп Қайрат аға-ау мен саған,
О, дүниені ойлантар, бұл дүниелік мұң шағам.
Тілдеселік, кел аға, сізге айтар сырым бар,
Қыз қылыққа қызың зар, Ұл мінезге ұлың зар.
Қап-қарамыз – қара емес, аппағымыз – ақ емес,
Сені өлтірген өліктер көбеймесе аз емес.
Оң жағымда оң “құдай”, сол жағымда сол “құдай”,
Төбемізде бір Құдай, төңірегіміз кіл «құдай».
Құдайсынған солардың түйсігіне түкірер,
Сенікіндей бір мінез керек боп тұр бұ күнде».