Әлемде ауыл шаруашылығымен айналыспайтын бір де бір ел жоқ. Халықты азық- түлікпен, сондай-ақ, өнеркәсіпке қажетті шикізатпен қамтамасыз ететін аграрлы саладан ешқандай ел бас тарта алмайтыны басы ашық әңгіме. Сол секілді дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның экономикасында да ауыл шаруашылығы саласының үлес салмағы үлкен рөл атқаратыны белгілі. Өйткені, ауыл шаруашылығы қазақ халқының ежелгі кәсібі. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ жерінде біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңжылдықтан бері адамдар қолда мал өсірген екен. Қазір де ауыл халқының негізгі күн көрісі қолындағы
төрт түлігі. Ата кәсіпке ден қойған елдің аужайынан ертеңін осы қолдағы азын- аулақ малымен байланыстыратынын аңғардық. Оның үстіне ел Үкіметі де ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы арнайы заң қабылдап, мал шаруашылығымен айналысқысы келгендерге қолдау көрсетіп отыр. Өткен жылы кооперативтерге біріккен аудан тұрғындары «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерліктті жаппай дамыту» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несие алып, мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған еді. Соның ішінде құрамында 115 ауыл тұрғыны бар «Бай Алғабас» ауыл шаруашылығы кооперативі ет өндіру бағытында 1315 бас мүйізді
ірі қара малын бордақылауға көшсе, 35 ауыл тұрғынынан құралған «Сұлутөр» кооперативі сүт өндіру бағытында өз жұмысын бастаған болатын. Алайда өткен жылы бұлардан бөлек тағы бірнеше кооперативтер құрылып, мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген екен. Қаржы жетіспеушілігіне байланысты несиесін рәсімдемеген олар әлі күнге кәсіптерін жолға қоя алмай отыр. Несие алып, жұмысын бастап кеткендердің де шешілмеген мәселелері бар болып шықты. Біз бұған аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған семинар-кеңесте көз жеткіздік.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның өкілдері аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлепов бастаған аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері және аудандағы кооперативтердің мүшелері қатысқан семинарда қордаланған мәселелерді талқылап, түйткілдердің түйінін шешуге тырысты. Айталық, «Бай Алғабас» кооперативінің басшысы Роза Абдуллаева мал сою алаңының қажеттілігін, сүт өндіру бағытындағы кооперативтер сүт тасымалдау көліктерін жеңілдікпен алу жолдарын сұраса, «Аспан», «Жаңатұрмыс» «Бірлік», «Сенім» секілді бірнеше кооперативтер өткен жылдан бері қажетті несиесін ала алмай жүргендерін жеткізді.
Жергілікті жұрттың осындай мұң-мұқтаждарын мұқият тыңдаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов мал сою алаңы мен көлік мәселесін шешуге қатысты ұсыныстарын алдыға тартса, несиеге байланысты сұрақтарға алдағы тамыз айында облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қарастырылып отырғандығын айтып, көңілі күпті тұрғындарға үміт отын жақты. Жиын барысында сөз алған «Құлан дән» несие серіктестігінің басшысы Рахманалы Әбдіқадыров аталған мәселлерді өз тарапынан шешуге болатындығы жөнінде айта келе, тұрғындарды серіктестікке мүше болып кіруге шақырды.