Ұлттың ұлт екендігін айғақтайтын, оның басты байлығы, баға жетпес құндылығы тіл екендігі баршамызға мәлім. Ұлт деген ұғымды алып бір бәйтерекке теңесек, оның тамыры – тарих, ал діңгегі – тіл. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Демек, бүгінгі тақырыбымыз «діңгек» турасында болмақ.
Қазақта ұлтжанды арда азаматтар аз емес. «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» деген М.Әуезов те, «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы да өтті өмірден. Жылдар жылжып, ғасырлар өтті, елу жылда-ақ ел жаңарды, ұрпақ өсті. Өркениет дамыды, заман өзгерді, техника қарыштаған жаңа ғасыр орнады. Әрине, дүниеге жаңа терминдер де келді… Осылайша, байырғы сөздер байырғы қалпында шаң басқан архивтерге көмілді де, архаизмдер мен историзмдерге айналды…
Қашан да болсын, қай тұрғыдан алып қарасақ та, қазақ тілінің діңгегі мықты. Мықтылығы сондай, техникамен бірге жапырақ жайып, жарыса дамуға қауқары жетеді. Оның себебі де түсінікті. Баяғы «дулыға, айбалта, семсер, дуал, бекініс…» секілді историзмдердің бүгінгі бейбіт заманда тек тарихи кітаптарда көрініс тауып, қолданыстан шығып қалғаны айтпасақ та белгілі ғой. Алайда, өмір ағысымен бірге тілдік қолданысымыздағы сөздер де жаңарып, жаңаша сипат алуда. Дамыған техника тіліміздің дамуына әсер етті. Мәселен, «шаңсорғыш, құлаққап, сайқымазақ, ұялы телефон, қолшатыр» секілді қазақ тіліне аударылып келген «жаңа сөздер» легі соның айқын көрінісі. Бұл сөздердің санамызға сіңіп кеткені соншалық, жиі қолданатын сөздерге айналды. Әсіресе, үлкендерге қарағанда, бүлдіршіндердің аузынан жиі естиміз. Әрине, мұның өзі бізді қуантарлық жайт. Балабақшаға, болмаса даярлық сыныбына барып жүрген үйіңіздегі бүлдіршін балалардың тіліне назар аударыңызшы, қандай тамаша! Бұл ретте жарық көргеніне ұзақ жылдар өтпесе де, баласы бар үйдің «хит арнасына» айналған «Балапан» телеарнасының жұмысын елемей кету мүмкін емес-ау, сірә? Сол арнаны бақылап отырсаңыз, бала тәрбиесі үшін де берері мол деп ойлаймын. Ондағы айтылып жатқан сөздердің барлығы дерлік Абайша айтқанда, тілге жеңіл, жүрекке жылы сезілетіндей-ақ. Не десек те, талай жылдан бері көміліп келген тарихымызды қазып алып, қайта жаңғырту үшін де, тіліміздің тұғырын биіктету үшін де мына біздерге тәу етер Тәуелсіздіктің әкелген құт-берекесі мол болғанын көреміз. Тағы бір мысал, бұрындары қазақ отбасыларының өзінде көпшіліктің шамамен 90%-ға жуығы ата-анасын орысша «папа, мама» деуші еді, бұл мүмкін сол ұлттың тіліне еліктеуден, болмаса Кеңес дәуірен қалған кесел десек, қазіргі бүлдіршіндер ата-аналарын «анашым, әкешім» деп атауды сәнге айналдырған. Бәлкім, бұл да «Рухани жаңғырудың» бір парасы болар. Десек те, Кеңес дәуіріне дейін байырғы бабаларымыз анасын «шеше, болмаса апа» деп атаған. Ал «ана» деген сөздің өзі әдеби тілде қолданылғанымен, қазақ баласы анасын «ана» деп атамаған еді. Мүмкін тіліміздің тазалығын сақтау үшін осындай кейбір жұрнақтардан арылғанымыз да жөн сияқты.
Елбасының соңғы жолдауында «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Осындай аудармаларды негіздеу тәсіл тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деген сөзіне мән берсек, расында да кейбір аудармалардың әдеби тіл нормамызға сай келмейтінін, яғни кем тұстарын да көреміз. Ал сол кемшіліктің орнын толтыру «көш жүре түзеледі» дегендей, болашақтың еншісінде. Бірақ, «еріншектің ертеңі бітпес» деген ұстанымды да ұмытпай, келешектің қамын бүгіннен бастағанымыз жөн ғой. Әрине, осындай олқылықтарды анықтап, мәселелердің шешімін іздеу БАҚ өкілдерінің де міндеті екені бізге мәлім. Мүмкін, тіліміздің діңі бекем болуы үшін ұмытылып бара жатқан «көнерген сөздерді» қайта жаңғырту керек те шығар? Мәселен, «байрақ» сөзі көнерген сөз болғанымен, қазіргі таңда әлемдік додаларды сипаттау үшін «байрақты бәсеке» деген секілді теңеулер қолданылып та жүр.
«Білмегеніңді үлкеннен сұра, үлкен білмесе, кішіден сұра» деуші еді ғой бабаларымыз. Рас, Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп жатқан қазіргі балалар ілім мен ғылымнан бейхабар емес. Тіпті, осындай кейбір қазақы теңеулер мен жаңа баламаларды естіп, кейде қуанатынымыз да бар. Әрине, мұнда отандық телеарналардың көптеп дамуы мен БАҚ-тың да қосар үлесі зор. Егер аталған сөздер мен ұлттық құндылықтарымыз жайлы БАҚ өкілдері өз мақалаларында қолданбаса, телеарналарда айтылмаса, бұл сөздер халықтың құлағына да жетпес еді, жабулы қазан жабулы күйінде қала берер ме еді? Ал БАҚ-та жазылатын қандай мақалалар болса да, барлығы тіл тазалығына аса мән береді. Себебі, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін А.Байтұрсынұлы өткен ғасырдың өзінде айтып кетті. Демек, тіліміздің өсуі, өркендеуі, ұлттық құндылығымыздың қайта жаңғыруы БАҚ өкілдеріне қатысты. Сондықтан, мемлекеттік тіл мен БАҚ қашан да бірге дамуы тиіс!