Соңғы бірнеше жылда Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің жұмысында көптеген оң өзгерістер болды.
Бұл, бірінші кезекте, облыс көлеміндегі қылмыс деңгейінің төмендеуіне қатысты. Мәселен, 2016 жылы жалпы қылмыстардың саны 9 пайызға азайса, 2017 жыл қорытындысы бойынша – 22 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, ауыр қылмыстардың тіркелуі де қысқарған: 2016 жылы – 11 пайыз, 2017 жылы – 20 пайыз. Сонымен қатар, соңғы екі жылда ауыр дене жарақатын салу, зорлау, бөтеннің мүлкін ұрлау, бұзақылық және алаяқтық деректері санының төмендеу үрдісі байқалады.
Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалынған ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі артты. Мал ұрлығы саласындағы деректер саны 19,1 пайызға қысқарды, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыскерлік деңгейі 12,5 пайызға төмендеді. Облыс көлеміндегі ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою бойынша полиция қызметі жандандырылды, есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарға тиімді тосқауыл қойылды.
ІІД басшылығымен жүргізілген ІІД мен қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдері басшылығының қызметтеріндегі кадрлық орналастырулар Департаменттің жедел-қызметтік жұмысын ұйымдастыруда оң серпілістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. «Бес институционалдық реформа мен оны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 28-ші қадамын іске асыру мақсатында, сондай-ақ ішкі істер органдарының құзыретті кадрлық әлеуетін құру, үміткерлерді іріктеудің тиімді тетігін жасау, облыстық ІІД-де қызметке қабылдау кезіндегі ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарына үміткерлерді іріктеу бойынша конкурстық комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына ІІД қызметтерінің ең тәжірибелі басшылары, ІІО ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпорындар және оқу орындарының өкілдері кіреді. «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қазфосфат» ЖШС, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдері және тағы басқалар конкурстық комиссия құрамында жұмыс жасайды.
Ішкі істер департаменті республика бойынша алғашқылардың бірі болып ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарын терроризмге қарсы қорғану шараларын жүзеге асырды, ІІД-нің бес әкімшілік ғимаратында таранға қарсы қақпалар орнатылған.
2016-2017 жылдары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған қызметкерлер үшін 170-тен астам қызметтік автокөлік алынды.
Жыл сайын департаменттің түрлі қызмет басқармалары әлемдік стандарттарға барынша сай заманауи жабдықтармен жабдықталуда. Жаңа техникалар алуға ерекше назар аударылып, нәтижесінде қоғамда құқықтық тәртіпті қорғауға бағытталған міндеттерді орындау сапасы жақсаруда. Мәселен, өткен жылы облыс ІІД-де «Электронды қылмыстық іс» пилоттық жобасы басталды және 2018 жылы ол жалғасын табуда. Бағдарлама тұтастай алғанда қылмыстық процесті автоматтандыруға бағытталған. Ағымдағы жылы облыс әкімдігі тарапынан «Қауіпсіз аула» сметалық жобалау құжаттамасын әзірлеу қолдау тапты, ол қаладағы үй аулаларына 300 бейне бақылау камераларын орнатуды қарастырады.
Полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс жасауына қатысты жағдайлар түбегейлі жақсарды. Соңғы екі жылда ІІД әкімшілік ғимаратына, Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жөндеу, Талас АІІБ әкімшілік ғимаратына және Тараз қаласы Ішкі істер басқармасының қабылдау-тарату орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде атап айтқымыз келетіні, еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, Талас аудандық ІІБ әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген.
«Динамо» ескі спорт кешені де толығымен қайта жөндеуден өтті, оның қазіргі келбеті адам танымастай өзгерген. Полицейлер мен облыстың барлық тұрғындары үшін ең жоғары стандарттарға сай келетін екі футбол алаңы, волейбол және тренажер залдары, теннис алаңы, бадминтон алаңқайы, бассейн қызмет көрсетеді. Дзюдо, каратэ, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо, самбо, волейбол, футбол және үлкен теннис секциялары жұмыс істейді. Мультимедиялық жабдықтармен жабдықталған ІІД тирі қайта жөндеуден өтті, бүгінгі таңда ол Қазақстандағы жалғыз интерактивті тир. Мұнда полиция қызметкерлері жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған жағдайда өздерінің табельдік қарудан ату дағдыларын ұштайды.
Жамбыл облысы ІІД қызметкерлерінің төтенше жағдайлар кезіндегі кәсіби даярлық деңгейін жетілдіру, сондай-ақ олардың атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды қолдану және пайдалану тиімділігін арттыруда сындарлы жұмыс істеуі мақсатында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигоны бар, онда бес күндік оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Одан бөлек, ІІД полигонында тұрақты негізде атудан республикалық және облыстық маңызы бар чемпионаттар өткізіледі.
Сонымен қатар, ІІД Арнайы даярлық басқармасының қызметкерлері басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлеріне сабақтар өткізу үшін көмек көрсетіп тұрады. Казармалық үлгідегі модульді екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында қызметтік үй-жайлар, кезекші бөлім, қаруды сақтауға арналған бөлме, кір жуатын бөлме, медициналық бөлім, мәжіліс залы мен асхана, дәретхана және душ бөлмелері орналасқан. Екінші қабатында 25 жатын бөлме бар.
Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына арнайы ашылған кинозалы бар музей облыстық ІІД-нің мақтанышы болып табылады. Ол республикадағы ІІД-нің арасында ең үздік музей болып танылды. Онда кеңестік милиция және Жамбыл облысы полициясының тарихи қалыптасуы мен кәсіби қызметін көрсететін 1000-нан астам әртүрлі экспонаттар қойылған. Оның қорларында — сирек мұрағаттық құжаттар, фото және бейнематериалдар, материалдық және рухани мәдениет бұйымдары – кітаптар, сувенирлер, макеттер, муляждар, өнер туындылары, қару-жарақ, раритеттік автотехника және басқа да көптеген жәдігерлер бар.
ІІД-нің қызметкерлері түрлі шығармашылық байқауларға белсене араласып, сондай-ақ хорда, жекелей де өнер көрсетіп, жеңімпаз атануда. «Арлан» вокалды-аспаптық ансамблі құрылып, республикалық сайыстарға қатысуда. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай қала тұрғындарына Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, ІІД-нің арнайы жасағы, сондай-ақ атты полиция қызметкерлері арнайы дайындалған саптық, жауынгерлік қойылымдар көрсетті. «Достық» алаңындағы салтанатты шеруге Тараз гарнизоны қатысты, соңында жамбылдық полицейлердің, ІІД хорының және арнайы шақырылған танымал «Мотор-Роллер» тобының концерттік бағдарламасы көрсетілді.
Жыл сайын облыс ІІД Қазақстан Республикасы ІІМ ұйымдастыруымен өтетін республикалық «Парасатты полицей» конкурсына қатысады. Жамбыл облысы ІІД командасы жыл сайын бұл республикалық конкурста ұдайы бірінші немесе екінші орын жеңімпаздары атануда.
2016 жылдан бастап «Полиция-Таraz» көлемді мазмұнды журналы жарық көруде, онда ІІД-нің тынысы, жұмысы толығымен көрсетіліп, таныстырылады.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі қағидаларын зерделеу және іске асыру мақсатында Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінде іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді, оның аясында саяси-ақпараттық сағаттар өткізіледі, ІІД жаңартылған музейіне ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлерінің, олардың отбасы мүшелерінің, әскери қызметкерлер, ЖОО, колледждердің студенттерінің экскурсиясы ұйымдастырылып, басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Ағымдағы жылы Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні қарсаңында ІІД музейінде алғаш рет облысымыздағы Ұлы Отан соғысының қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Барлық 25 қатысушы «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Мазмұнды экскурсия және ардагерлер мен қонақтарға құрмет көрсетілгеннен кейін олар ішкі істер органдары қызметкерлері мен ІІД басшылығына қызықты және пайдалы кездесу өткізгендері үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шеңберінде ағымдағы жылдың сәуір айында Меркі ауданының Меркі ауылында қызметтік парызын атқару барысында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш ашылды және ішкі істер органдарының имиджін көтеруге бағытталған жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің слеті өтті. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында қоғам алдында өзінің азаматтық және қызметтік борышын орындауда, қауіппен бетпе-бет келіп, бейбіт заманда қаза болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті .
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Полиция өзіне қоғамның сенімін арттыратындай жұмыс жасауы керек» — деген болатын. Елбасының берген тапсырмасы бойынша облыс ІІД жеке құрамы «Полицияның күші — халық сенімінде» қағидасы бойынша жұмыс атқаруда. Сондықтан біз барынша халықпен жиі кездесіп, қарапайым жамбылдықтардың ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты қандай да бір арыз-шағымын әрдайым мұқият зерделейміз, ІІД басшылығы және өзім үнемі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаймын, түскен шағымдарды жедел қараймыз.
Облыс полицейлері өскелең ұрпаққа үлкен ықылас және шынайы қамқорлық танытуда. Ішкі істер департаменті «Динамо» спорт кешенінде қала мектептерінің, балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында жарыстар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Әдетте, мұндай кездесулерге полицейлер балаларға арналған сыйлық дайындайды, соның ішінде спорттық керек-жарақтар мен киімдер де бар.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы ІІД басшылары жүйелі түрде аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетеді. Түрлі қайырымдылық іс-шаралар қатарына ІІД-нің қызметкерлері үшін дәстүрлі болған «Мектепке жол» акциясын жатқызуға болады, оның барысында аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетіледі. Сарымолдаев атындағы балалар үйінде тәрбиеленушілер әрдайым полицейлерді асыға күтеді және егер қонаққа полицейлер келсе, міндетті түрде жағымды тосын сыйлар болатыны анық екендігін біледі.
Барша адамзаттың қасиетті мерекесі — Фашистік Германияны жеңудің құрметіне арналған — Ұлы Жеңіс күнінде ІІД қызметкерлері әрдайым Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ішкі істер органдары қызметкерлерін аса құрметпен еске алады. 2011 жылғы 12 қарашада террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған көптеген іс-шаралар өткізіледі. Оның есімі Тараз қаласындағы көшеге, ІІД оқу-жаттығу полигонына, батырдың туған ауданындағы мектепке берілген.
Жамбыл облысы ІІД-нің даңқты дәстүрлерін кейінгі департаменттегі жаңа буын өкілдері жалғастыруда. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен Жамбыл облысы ІІД-нің 13 қызметкері марапатталды. Осындай марапатқа еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі орасан зор оқиға «Бес әлеуметтік бастама — қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты тақырыптағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының отырысына қатысқан жамбылдық батыр полицейлер ІІД ЖПҚ ЖППБ 4-взвод командирі Мұрат Даутбаев пен осы батальонның инспекторы Ғабит Төлегенов ие болды.
Жамбыл облысы ІІД-де спортқа және дене шынықтыру дайындығын дамытуға ерекше назар бөлінеді. Осылайша, «Динамо-Тараз» волейбол командасы пайда болды, ол бүгінде республикалық мықты ұжымдардың деңгейінде түрлі жарыстарға қатысып жүр, тіпті Ұлттық лигада ойнады. Қазіргі кезде ІІД басшылығымен динамолық қозғалыстарды дамыту мен танымал етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Көптеген ІІД қызметкерлері – тек облыстық және республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген тамаша спортшылар. Самбошыларымыз, дзюдошыларымыз, таэквондошыларымыз, кикбоксингпен, қазақша күреспен, тактикалық атумен және қоян-қолтық ұрыспен айналысатын спортшыларымыз ерекше жетістіктерге қол жеткізуде.