Жаз мезгілінде жасөспірімдер арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында Тараз қаласындағы мектептердің 500 оқушысы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің базасында қысқа мерзімді кәсіби курстардан өтуде.
Екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шараға қаладағы 30-дан аса мектептің 9-10 сынып оқушылары «Киімді қалпына келтіру», «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Электр және электрлі механикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу», «Ағылшын тілі», «Компьютерлік графика», «Автоэлектрлік» мамандықтары және спорттық секциялар бойынша курстардан өтеді.
Аталған кәсіби курс екі кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезең маусым айының 4-15 күндері аралығында өтсе, екінші кезең маусым айының 18-29 күндері аралығында өтеді деп жоспарлануда.
Жамбыл облыстық прокуратурасының мәліметінше, өткен жылы аталған жоба нәтижесінде жазғы маусымда балалардың құқық бұзушылығы өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген.
Жазғы демалыста жас жеткіншектердің уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған шара алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.