Биыл облыстағы басқармаларда бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Сондай-ақ бұл қатарға қала мен аудан әкімдерін де қосуға әбден болады. Атап айтқанда, облыстық тілдерді дамыту, ішкі саясат және білім басқармаларын басқаратын басшылар бір-бірінің орындарына барса, қаржы басқармасына аймақтың спортына жауапты болған Гамлет Қайнарбеков келді. Ал оның орнын «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубы» мекемесінің директоры қызметін атқарған Нұрбол Жүнісбеков басты. Сонымен қатар қоғамның басты қозғаушы болып саналатын жастар басқармасының тізгіні облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Мәди Мәтенге тиді. Жалпы өңірдегі басқармалардың қызметі аймақ дамуының негізі екені белгілі. Ол құрылымдардың жұмысы тікелей басшыға байланысты екендігі тағы анық. Дегенмен басқармалардағы жұмыстардың барлығы белгіленген жоспар бойынша орындалатынын әу бастан білеміз. Осы орайда басқарма басшысы ретіндегі үздік тағайындауды анықтау қиынға түседі. Дейтұрғанмен «Үздік тағайындау» ретінде аймақ жастарының басшысы Мәди Мәтенді тануға болады. Өйткені, бұрын соңды басқарма баспалдағын баспай бірден басшы болып тағайындалған ол бұл істі бірден игеріп кетті десек те болады. Ол басшы болып келгелі жыл басынан бері басқарма тарапынан жастардың әлеуметтік мәселелеріне байланысты және қоғамдағы түрлі салаларды қамтыған 100-ден астам шара өткізілген. Оның ішінде барлық сала барынша қамтылған. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру басқарманың назарында. Осы мақсатта Басқармада 2017-2022 жылдарды қамтитын ұзақ мерзімді жоспар әзірленді. Жоспарға жалпы саны — 35 шара еніп отыр екен. Сонымен қатар облыста «Жібек жолы жастары» волонтерлар қозғалысы құрылған. Жалпы облыста 1 мыңға жуық еріктілер базасы жасақталған. Волонтерлар өңірде ұйымдастырылып жатқан әрбір шараларға қатысуда белсенділік танытудан еш тайынған емес. Шет тілін жетік меңгерген 100 жамбылдық волонтер «ЭКСПО-2017» көрмесінде 1,5 ай қызмет атқарып келді. Бұл қуанарлық жағдай. Басқарма тарапынан атқарылып жатқан әрбір жұмыс жастардың игілігіне жасалынып жатқанын естен шығармауымыз қажет. Келе жылы дүниежүзі қазақ жастарының құрылтайы біздің облысымызда өтетіндігін мақтанышпен айтуға болады. Бұл Мәди Мәтен бастаған ұжымға артылған үлкен жауапкершілік. Сондықтан осындай келелі істерді кері тартпай, ұйымдастырушылығының арқасында ұтымды жұмыстар атқарып жүрген Мәди Мейірбекұлын үздік тағайындау ретінде танып отырмыз. Бұл мақаламен біз өзге де басқарма басшысы ретіндегі тағайындауларды және олардың еңбегін жоққа шығармайымыз. Өңірдегі барлық салада оң өзгеріс пен тың серпін бары анық.
TURANINFO.KZ