ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың нұсқауы бойынша облыстың барлық аудандары мен қаланың мөлтекаудандарында, аумақтық аудандарында полиция бөлімдерінің бастықтары халықпен кездесулер өткізуде.
11 шілде күні Тараз қаласының 2-полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Досымбек Мұсаев «Барысхан» иінінің тұрғындарымен кездесті. 100-ден астам тұрғын 2-ПБ бастығына үйлерінің аулаларында тұрып мәселелі сұрақтарына жауап алу мүмкіндігін пайдаланды. Ауданның өзекті мәселелерінің ішінде тұрғындар түнгі уақытта көше жарығының болмауына байланысты құрылыс материалдары мен пәтер ұрлықтарының жиілеп кеткенін, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жоқтығын атап өтті.
Сондай-ақ, Д. Мұсаевтан тиісті мемлекеттік органдарға жолдың асфальтталмағаны және қоғамдық көлік мәселелері туралы хабарлауды сұрады.
Тұрғындар Д.Мұсаевқа қала әкімдігі мен Полиция басқармасының басшылығына аумақтық тірек пунктін ашу қажеттілігі туралы өтініш жолдауды сұрады. Қазіргі таңда «Барысхан» алқабында 600-ге жуық жеке меншік үй орналасқан.
Сонымен қатар, тұрғындар учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Жапарқұловтың адал жұмысын атап өтті. Тәуліктің кез-келген уақытында «102»-ге шақыру түсірмей-ақ өздерінің учаскелік инспекторының көмекке келетініне, оның жасаған игі істеріне ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу соңында «Барысхан» тұрғындары Тараз қаласының 2-полиция бөлімінің бастығына мазмұнды кездесу үшін үшін алғыстарын білдірді.
Алдағы уақытта осындай жиындарды полиция полковнигі Д. Мұсаев Құмшағал және Шөлдала алқаптарында өткізуді жоспарлап отыр.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі