Жамбыл ауданында ғасыр жасаған бес кейуана бар. Соның бірі – Күлбарам Сүгірова. Тіл-көзіміз тасқа, бүгінде 110 жасқа иек артса да, Күлбарам әжей ширақ. Қырғыз елінде туып-өскен ол Аса ауылына тұрмысқа шығып, осында ұрпақ өрбітті. Ауданның өркендеуіне еңбегімен үлес қосты. Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді. «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпады. Құдай қосқан қосағы екеуі екі қыз тәрбиелесе олардың қатары бүгінде 8 немере мен 15 шөбереге жетіп отыр.
Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген кейуананы Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы құттықтап барды. Әжейге алқызыл раушан гүлдерін ұсынып, сый-сияпатын табыс етті. «Мен де өзіңіз сияқты әжейдің тәлім-тәрбиесін алып өстім. Сіздей аяулы әжейді көргенде, тілдескенде, сол кісіні еске алып, сағынып тұрамын. Жалпы, атасы мен әжесі аялап өсірген ұл текті болып ер жететініне, ал қыз бала қазаққа тән ибалылықты бойына сіңіріп өсетініне көзім анық жетті», – деген өңір басшысы әжеймен емен-жарқын әңгімелесті.
– Дана қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. «Жұмақ – ананың табанының астында» деген де ұлағат қалған. Міне, сол себепті де ақжаулықты аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Әйел-аналарға қамқорлық жасау – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз сізді жақсы білеміз, ұзақ жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Жас күніңізде бейнет кешіп, қазір зейнетін көріп отырсыз. Сол еңбектің арқасында осынша жасқа келдіңіз. Ұл-қыздарыңыздан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты әжесіз. Бұған үлкен тәубе. Біз сіздің бұдан да ұзақ өмір сүруіңізді қалаймыз. Деніңіз сау болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіз, – деп тілек білдірді Сәкен Қаланұлы.
Әжейге деген ізгі тілегін аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов те жеткізді.
Жүректен шыққан шынайы тілекке әжейдің көңілі көтеріліп қалды. Аналық алғысын айтып, батасын берді.
– Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Қызылшаның арқасында марапаттың барлығын алдым. Сол еңбегімді елеп, ескерген Президентімізге, арнайы құттықтап келген сізге үлкен рахмет. Аспанымыз ашық, күніміз жарық болсын. Жұмыстарыңда жемісті болыңдар. Менің жасымды сендерге берсін, – деп батасын берді.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы