Өтініштердің басым бөлігі қаралды
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау комиссиясы мен қоғамдық қабылдау бөлмесі БАҚ өкілдеріне арнап жиын өткізді.
Онда аталмыш партия тараптарының өткен жылы атқарған жұмыстары баяндалды. Егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін сыбайлас жемқорлық әрекеттері қашанда үлкен партиялық бақылауды қажет етері анық. Осы тұрғыда партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов 2017 жылы кеңес отырысында шешімін тапқан мәселелерді қозғады.
– Бүгінде қоғамдық кеңестің аумақтық және аймақтық филиалдарының құрамында 94 азамат пен әр түрлі деңгейдегі 32 мәслихат депутаттары есепті кезеңде 67 отырыс өткізіп, 123 қаулы қабылдады. Түрлі деңгейдегі әкімдіктер мен орталықтар, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар мен өзге де мекемелерге жемқорлыққа қарсы әрекет ету бағытында берілген 369 ұсыныс орындалды.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мекеме басшыларының жемқорлық мәселелеріне қатысты есептерін бастауыш партия ұйымдарының жиынында өткізу жоспарда бар. Өткен жылы Орталық аппарат тарапынан жүргізілген зерделеу қорытындысы бойынша қоғамдық кеңестердің соңғы екі жылда атқарған жұмысына жоғары баға берілді. Ендігі міндет осы межені төмендетпей, кеңестер қызметінде жаңаша әдіспен формаларды пайдалана отырып жұмысты жалғастырамыз, – деді Бақтияр Әбілхайырұлы.
Сондай-ақ кеңес төрағасы жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар жөнінде партия мүшелері, мекеме басшыларын кеңес отырысында ашық тыңдаудың, белсенділігі төмендей бастаған лауазым иелерін ширата түсетінін айтып өтті. Ал былтырғы жылы қоғамдық қабылдауға келген 5500 азаматтың өтініштерінің 43,3 пайызы оң шешімін тапса, халық қалаулылары өткізген жекелей қоғамдық қабылдау барысында 2000-ға жуық түскен өтініштің 22 пайызының түйіні тарқатылған.
– Мемлекеттік орган басшылары тұрғындардың талап-тілегін тікелей тыңдауды дағдыға айналдырып, жиі кездесіп тұрады. «Жолда қабылдау», «Әділет кеңес береді», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам» акциялары мен партиялық жобалар аясында 86 қоғамдық қабылдаулар өтіп, 247 өтініш қаралды.
Сонымен қатар облыстық және аумақтық филиалдар заманауи технологиялар арқасында шалғай елді мекен тұрғындары «Қазпошта» АҚ бөлімшелері негізінде скайп және бейне-конференция байланыстары арқылы Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган басшылары мен депутаттарға өтініштерін жолдай алады, – деген Бақыт Отарғалиқызы бірқатар шешімін таппаған мәселелерді тілге тиек етті. Және де партиялық бақылау комиссиясының отырыстарында 57 партия мүшесінің партиялық жауапкершілігі қаралып, 23 адам партия қатарынан шығарылған.
БАҚ өкілдеріне ілкімді істерін хабарлаған тиісті тұлғалар өз жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізе беретінін жеткізді.