«Тілі жоқ ұлттың болашағы бұлынғыр»
Қазақ ұлтының ана тілі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – ана тіліміз ұлытымыздың ана сүтімен дарыған, атадан балаға мирас болған қастерлі де құдіретті мұрасы. Ана тілі әкеміздің қанымен, анамыздың бесік жырымен әрбір қазақтың бойына дарыған ұлтымыздың рухани жан дүниесі. Ана тілі – ең ұлы байлығымыз, ол халықпен бірге дамиды. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың бақыты және тірегі. Сондықтан «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жандүниеміздің айнасы, өсіп – өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Елімізге сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздіктің ең басты тірегі, белгісі де – ана тіліміз, ұлттық мәдениетіміз. Ана тілің қадір – қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, баға жетпес қазынасы мен байлығына балайды.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағын зерделей отырып, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екенін, егеменді еліміздің нышаны ана тілімізді тіршіліктің түп қазығына айналдыру – еліміздегі әрбір менмін деген ұлтжанды азаматтардың басты міндеті екенін айтады. Еліміздің әр азаматы тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпауы тиіс. Біздің мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз осы тілді жасап келе жатқан халқымыздың өткені, бүгінгісі, ертеңі. Ата- бабамыздан қалған асыл қазына ана тілімізді сақтаудың тиімді жолы – әрбір отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы ана тілінде айтып, ана тілінде қарым-қатынас орнату болып табылады.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!, деп Қ. Мырзалиев ағамыз айтқандай, озық 30 елдердің санатына енуді көздеген халықтың ең басты мақсаты сауатты ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Сауатты ұрпақ дегеніміз, ана тілінде еркін сөйлей алатын, ана тілін қадірлейтін, ана тілің тағдырына бей-жай қарамайтын білімді ұрпақ. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ескере отырып, ана тілін ақсатпаудың жолдарын қарастырудың іс – шараларын жасауымыз керек. Ол үшін жоғарыдан, яғни, заңдарымыз мемлекеттік тілде жазылып, әрі қарай саты- сатысымен тіліміздің беделін көтеруге қатысты жұмыстар жүргізілуі керек. Әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Бұл – ұлт ретінде тілімізді сақтаудың ең басты шарттарының бірі. Тілі жоқ ұлттың келешегі күңгірт, болашағы бұлыңғыр болады.
Автор Тараз қаласы №2 сотының сот жасауылы О.Қасымов