Сұрапыл соғыста толарсақтан саз кешкен есіл ерлердің ерлігін ұмытуға әсте болмайды. Сондықтан да Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құрметтеу бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Күні кеше Жеңістің 73 жылдығын атап өткен еліміз, ардагерлеріне сый-құрметін аямай, ізгі ілтипатын көрсеткен болатын. Т.Рысқұлов ауданының жомарт азаматтары да осы игі іс-шаралардан қалыс қалмаған еді.
Ауданымызда небәрі бес қана ардагер қалыпты. Жеңіс күнінің қарсаңында аудан әкімі А.Қырықбаев саусақпен санарлық қана қалған әрбір майдангерге Елбасының тағайындаған ақшалай сыйлығын табыстаған еді. Одан бөлек бір майдангердің өтініші бойынша көмек көрсетілді. Атап айтқанда, аудан әкімі Асқар Санатұлының бастамасымен соғыс ардагері Жақан Мырзахметовтың қара шаңырағына күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Үйдің
сырты толықтай қырылып, қайта сыланды. Қазіргі заманға сәйкес үй сыртына әрлеу жұмыстары да жүргізілген. Одан бөлек үйдің шатыры толығымен алынып, қайта жабдықталған. Алдағы уақытта аудан
әкімі ақсақалдың есік алдына асфальт төсеп беруді де өз мойнына алып отыр.
Аудан әкімінің жасаған жақсылығына ардагер Жақан ата мен жұбайы Күлшаш апамыздың айтар алғысы көп. Мұнан бөлек ақсақалдар кеңесінің төрағасына да өз ризашылықтарын жеткізді. Себебі, Қожайхан Бижанов та ақсақалдың үйіне жиі барып, қал – жағдайын сұрап тұрады екен.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме атам қазақ. Иә, майдангер аталарымызға ризашылығымызды дәл осылайша білдіріп жатсақ, артық болмас деп білемін. Өйткені майдан шебінде елі үшін, жері үшін күрескен әрбір жауынгер осы мәртебеге лайық деп білеміз.