Жамбылдық делегация Еуразиялық экономикалық форумға қатысты
Бүгін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдық делегация ҚХР-ның Сиән қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Еуразия мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумға қатысты.
Құрамына облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов енген жамбылдық делегацияның атынан сөз бастаған аймақ басшысы алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндап, Еуразиялық экономикалық форумның маңыздылығына тоқталды.
— Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық мемлекеттердің қатысуымен өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форум, соның ішінде Сиәндағы бүгінгі дөңгелек үстел, аймақтар арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді және өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер ашады, — деді Кәрім Көкірекбаев.
Сөз барысында 2016 жылы бауырлас Тараз қаласы және Чанжи (Үрімші) провинциясы арасында экономиканың түрлі салалары бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы туризм саласына да ерекше тоқталып өтті.
— Сіздердің назарларыңызды зор әлеуетке ие және бизнес дамуының басым бағыттарының бірі болып табылатын туризм саласына аударғым келеді. Біздің өңіріміздің бай мәдени-тарихи мұралары «Жібек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркітілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дәйекті дамыту, туристік инфрақұрылымды құру» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.
Ұлы Жібек Жолы тарих пен мәдениеттің ерекше ескерткіштері орналасқан біздің аймақ арқылы (Сайрам — Тараз — Ақшолақ — Ақыртөбе — Құлан — Мерке — Шу — Аспара — Қордай) өткенін атап өткім келеді, — деді өңір басшысы.
Экономикалық талдау көрсеткендей, 2016 жылы Жамбыл облысының Қытай Халық Республикасымен өзара саудасы 160 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Оның ішінде экспорт — 71 млн., импорт — 89 млн. АҚШ долларына жетті. Облыстың жалпы тауар айналымындағы Қытай үлесі 39,4% құрап отыр.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 7 айында өзара сауда айналым көлемі 264 млн. АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артқан.
Еске сала кетсек, өткен жылы облыс басшысы бастаған жамбылдық делегация Қытай Халық Республикасындағы Чанжи провинциясына жұмыс сапарымен барған болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі