«Елімді асқақтатқан Ұлы тұлға» тақырыбында облыстық ғылыми — тәжірибелік конференция өтті
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласы, №30 мектеп-гимназияның базасында «1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мемлекеттік мерекесіне арналған «Елімді асқақтатқан Ұлы тұлға» тақырыбында облыстық ғылыми — тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына ЖОО-ның ғалымдары, аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері қатысты. Конференция өткізудегі мақсат – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алатын орнын, өмірі мен қызметін, саяси тұлғасының толыққанды танытатын ерекшеліктерін, қазақ елінің дамуы мен гүлденуіне сіңірген еңбектерін насихаттау болды.Сондай-ақ шарада «Мерейі үстем Елбасы» тақырыбында суреттер және «Елбасы – кемеңгер көшбасшы» тақырыбында кітаптар көрмесі қойылды. Бұдан өзге драматург-жазушы Е.Әлімжанның «Рухани жаңғыру — ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы», Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Филология» факультетінің аға оқытушысы, ф.ғ. доктаранты Б.Бекназаровтың «Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Президенттің рөлі», Тараз қаласы №24 гимназияның директоры М.Гладченконың «Духовное обновление – уникальная ценность современного мировоззрения», Меркі ауданы «Мәңгілік ел» тәрбие және білім беру орталығының директоры К.Шағатаеваның «Мәңгілік ел – болашағымыздың бағдары» тақырыптарда баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар пән мұғалімдері мен тәрбие саласына жауапты мамандардың ғылыми ізденіс жұмыстарында еліміздің экономикалық игіліктері үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту жолдары, білім беру жүйесіндегі тың өзгерістер мен жаңалықтар және егеменді ел ұрпағын тәрбиелеу мәселелері жан-жақты сараланып, таныстырылды.
TURANINFO.KZ