Бас шыршада балалар
Асқақ ордам – Астана! Жаңа жыл қарсаңында еліміздің әр аймағында өтетін Президент шыршасы биылғы жылы аймақта осылай аталды.
Облыстық филармонияда көрініс тапқан шараға 9-13 жас аралығындағы 200 бала қатысты. Аталмыш балалардың қуанышын облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев бастаған бірқатар атқамінерлер бөлісті. Облыстың әр аумағынан келген жасөспірімдердің 55-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болса, 43-і көп балалы отбасынан шыққан және 98-і аз қамтылған отбасының балалары. Елбасы шыршасына ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 19 млн 202 мың теңге бөлінген. Шыршаға қатысқан әр балаға қыстық күртешелер, спорттық киімдер мен ойыншықтар тарту етілді. Кеште әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балаларға жас өнерпаздардың әні мен биі, түрлі қойылымы ұсынылды. «Жаңа жыл» әні шырқалып, биылғы тауық жылында жеткен жетістіктер де кішкентайлар назарынан тыс қалмады. Олар Экспо көрмесінің ғаламатын ауызға алып, тақырыптық қойылыммен көңілді кештің көркін қыздырды. Сондай-ақ лэд экран арқылы өзге ғаламшардан келгендер «Ғаламшар балалары» биін билеп, Сауронның сиқыр әлеміне еніп, хормен Жаңа жылдың бас кейіпкері Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алды.
– Бас шыршаға қатысқаным үшін қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізуім мүмкін емес. Бізді Жаңа жыл мерекесімен Елбасының өзі экран арқылы құттықтады. Мемлекет басшысының атынан шырша мерекесіне келген балаларға сыйлықтар тарту етілді. Шырша тойы болашаққа деген сенімімді нығайта түсті, – дейді Сарысу ауданының оқушысы Нұрдәулет Құрманғазы.
Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ