Қазақстан Республикасының Конституциясы күнi бүгiнiмiз бен келешегiмiздiң кемелдiгiнiң көрiнiсi. Рас, бұл мереке жыл сайын мемлекеттiк деңгейде аталып өтiлетiнi белгiлi. Себебi, құқықтық саясатымызда Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғымға айналған. Бiрiнсiз бiрi толыққанды мазмұнға ие бола алмасы анық.
Дегенмен, ата-бабаларымыз қолданған дала заңы ежелден- ақ құқықтық саясатымыздың негiзi болғанын ұмытпауға тиiстiмiз. Біздің Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз. Осы әділ Заң аясында Қазақстан халқы бір анадан туып, бір ананы емгендей тату-тәтті бақытты өмір сүріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, байлығын молайтып, қорғаныс қуатын арттырып келеді. «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол», Әз- Тәукенің Жеті Жарғысы сияқты тарихи дала заңынан бастау алған Ата Заңымыз қабылданған 23 жыл ішінде өзінің әділдігін, өміршеңдігін көрсетті.
Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласына орай мемлекеттің саясатын насихаттау, көпшілікті ізгілікке тәрбиелеу және тарихымызды таразылап, болашағымызды бағдарлау мақсатында Құмарық ауылдық мәдениет үйінде көптеген іс- шаралар өтуде. Соның бірі Конституция күніне орай ұйымдастырылды. Құмарық ауылдық округіне қарасты кітапханашылардың және мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ата Заңым – айбыным» атты мерекелік кеш өтті. Ауыл тұрғындары қатысқан мерекелік кеште Исламбек Планбек «Бабалар аманаты», Досымжан Қыдырбай «Қазақстан», Мерей мен Махаббат Бекбергендер «Үш бақытым» әндерін шырқаса, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің «Әдемау» бишілер тобы мың бұрала билеп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Кеш соңында «Ата Заң» атты көрме инстоляциясы қойылып, кітап көрмесіне шолу жасалды.
Нұрлы ТАЛҚАНБАЕВА,
Құмарық ауылдық кітапханасының кітапханашысы.